Алматыдағы Достық үйінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабына арналған дөңгелек үстел өтті.
Алқалы жиынға академиялық орта өкілдері, әдебиет пен мемлекеттік қызметтің көрнекті қайраткерлері қатысты. Сарапшылық кездесуді Алматы қаласы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар кандидаты Абзал Нүкенов жүргізді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы еңбегінің ерекше құндылығына тоқталып, Президенттің ішкі және сыртқы саясаттағы мол тәжірибесі кітапта ұсынылған әрбір ой мен тұжырымға айрықша мән беретінін жеткізді. Әкім орынбасарының айтуынша, бұл еңбек мемлекет басқару ісінде туындайтын көптеген өзекті мәселенің жауабын қамтып, маңызды шешімдер қабылдауда сенімді бағдар бола алады. Сондай-ақ бұл кітаппен танысу мемлекеттік реформалардың логикасын және еліміздің тарихи даму жолын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ол кітаптағы негізгі идеяларды тек қағаз жүзінде қалдырмай, оларды барлық салада іс жүзінде қолданудың маңыздылығын баса айтты.
Абзал Нүкенов бұл тұжырымдардың барлық жастағы азаматтарға, әсіресе жастар мен мамандарға күнделікті қызметте баға жетпес нұсқаулық болатынына сенім білдірді. Талқылауды белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлан Оразалин жалғастырып, саяси көшбасшының халық пен қоғам тағдырына қатысты көзқарасының қалыптасуы мен эволюциясы туралы ой бөлісті. Ол өз сөзінде кітаптың болашақ көшбасшының Қытайдағы қызмет кезеңінен бастап, тарихи оқиғалар арқылы қалыптасқан берік ұстанымдарын көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар 1995 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тұрған тұстағы естелігімен бөлісіп, сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың демократиялық өзгерістер кезеңінде саяси мақаланы жедел дайындап бергенін және оның жоғары жауапкершілігін ерекше атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында академик Зейнеп Базарбаева, Қазақстан ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан және басқа да беделді сарапшылар сөз сөйлеп, жаңа еңбекке қатысты өз пікірлерін ортаға салды.
