✅Қазіргі уақытта ауқымды аудиторияларды меңгеру үшін батыстық заманауи кітаптарға бас ұрып, ілімдердің жетегінде жүргендер аз емес. Ал көпшілікпен, яғни жамағатпен жұмыс істеу ислам ғылымында әлдеқашан қалыптасқан деуге болады. Исламтанудағы «дағуат», яғни Алланың дініне шақыру – қастерлі, жауапкершілігі мол әрі ең ізгі іс қана емес, өз алдына дербес пән ретінде қалыптасқан. Алланың дініне шақыру – пайғамбарлардан мирас ретінде жалғасып келе жатқан істердің ең ізгісі, құлшылықтардың ең абзалы әрі діннің сақталуының негізгі тірегі.
Осындай маңызды тақырыпты қамтыған жаңа «Ислам дағуатының негіздері мен әдістері» оқу құралы дағуат құбылысының мән-маңызын, қалыптасуы мен дамуын, әдіс-тәсіл, құралдары мен өзіндік ерекшелігін Құран мен сүннет және ислам ғалымдарының тұжырымдары негізінде түсіндірген.
📘Жаңа еңбектің авторы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
✅Дағуат саласы – мұсылман елдерінің оқу орындарында кейінгі кезеңдері қолға алынған жаңа ғылым саласының бірі. Сондықтан да ислам дағуатының теория-методологиясына қатысты еңбектер кейінгі ғасырларда ғана жарық көрді. Бұл тақырыпта араб, түрік тілдерінде жазылған еңбектер өте мол. Бұл зерттеуде де сол еңбектердің түйін тәжірибелері басшылыққа алынған. Басты мақсат – осы мол материалды ана тілімізде ұсынып, қоғамға қол жетімді ету.

📘264 беттік бұл еңбектің тұжырымдары исламтану саласын кешенді зерттеудегі бос кеңістікті толықтырып, қоғамда дін насихатын жүргізудің дұрыс үлгісін анықтауға, еліміздегі ата баба ұстанымына сай дінімізді дамытуға өз үлесін қосады деген үміттеміз. Бұл әсіресе, мамандарға, имамдарға, дін қызметкерлеріне аса қажетті көмекші құрал. Кітапты исламтану мамандықтары бойынша білім алатын медресе-колледждерде, жоғары білім беретін оқу орындарында, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу бағытында жұмыс істейтін ғылыми институттар мен орталықтарда материал немесе қосымша оқу құралы ретінде қолдануға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *