Журналист, жазушы Есболат Айдабосын жақында “Білім-Қазына” подкастында қонақта болды. Бүгінгі әдебиет, шығармашылық және жазушылық жауапкершілік жайлы терең ойларымен бөлісті. Ол сұхбат барысында жазу өнерінің адамды рухани дағдарыстан алып шығатын күшіне тоқталды. Жазбай жүре берсең уақыт өте келе көркемдік қуатыңнан айырылып қалуың мүмкін дейді ол.
Подкаст барысында «Жазу – мәнсіздіктен құтқара ма?» деген сұраққа жауап берген жазушы Батыс әдебиетіне тән бір құбылысқа назар аудартты. Оның айтуынша, Батыста көп жағдайда жазушылар шығармашылық шыңына шыққан соң, рухани босап, күйзеліске ұшырап, кейбірі суицидке дейін барады. Бұл — ішкі мазмұнның, өмірлік мағынаның жоғалуының көрінісі. Ал қазақ қаламгерлері, керісінше, шығармашылық жолын аяқтағаннан кейін отбасы, әулет, қоғам алдындағы жауапкершілік арқасында өмір мәнінен айырылмайды. Бұл – ұлттың рухани тірегі саналатын отбасылық құндылықтардың өміршеңдігін көрсететін мысал.
Сұхбатта жазушы әдебиет тарихын көзбен көріп, жүрекпен сезіну үшін арнайы әдеби музейлердің қажеттілігіне тоқталды. Есболат Айдабосынның «Қасқыр ішік» атты әңгімесінде атасынан қалған ішік арқылы бүтін бір дәуірдің ізі мен естелігі көрініс табады. Бұл ішік – тек киім емес, ұрпаққа мұра болған рухани жәдігер. Жазушының пайымынша, осындай нақты заттық естеліктер мен қаламгерлердің күнделіктері, қолжазбалары, жеке бұйымдары музейге айналса – әдебиет пен тарихтың арасы бұрынғыдан да жақындай түседі. Бұл — ұрпаққа үлгі болар, жазушылардың болмысын тереңірек тануға мүмкіндік берер игі қадам болар еді.
Есболат Айдабосын шығармашылық пен күнкөрістің арасындағы қайшылықты да жасырмады. Оның пікірінше, бүгінгі қоғамда тек жазушылықпен күн көру мүмкін емес. Қаламгер еріксіз қосымша табыс көздерін іздеуге мәжбүр. Кейде редакторлық жұмысқа араласу – жазуға бөлінетін уақытты шектейді, шабытты шектейді. Редакторлық талап пен қаламгерлік еркіндік арасында қақтығыстар туындайды.
Қазіргі уақытта жазушы Кенен Әзірбаев туралы романын жазып тәмамдаған. Бұл роман – ұлт өнерінің шежіресін заманауи тілмен сөйлеткен, тарихи тұлғаның болмысын көркемдікпен қайта танытатын еңбек. Сонымен қатар Есболат Айдабосын күнделігіне түртіп қойған жазбалары мен идеяларын біртіндеп жүзеге асыруды мақсат етеді. «Жазатын дүниелерімнің жоспары күнделігімде», – дейді ол.
Шабыт туралы сұраққа Есболат Айдабосын Мұхтар Мағауиннің тұжырымын толық қолдайтынын жеткізді. Мағауинше: «Шабыт емес, бап керек». Бұл – шығармашылық табыстың тосын шабыттан емес, дайындық пен тәртіптен, ішкі тәрбие мен рухани тәртіптен туатынын аңғартады. Жазу – жүйелі еңбекті, тұрақты ізденісті талап етеді.
Есболат Айдабосынның осы сұхбаттағы ойлары қазақ әдебиетінің қазіргі болмысына терең үңілуге мүмкіндік береді. Жазушылық – жай кәсіп емес. Бұл – жүректің ісі, жанның сергелдеңі, рухтың үні. Шынайы қаламгер ішкі дауысын тыңдай біледі. Ал ондай үн – көп жағдайда бүкіл бір ұлттың үніне айналады.