Алматыдағы Достық үйінде «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Бұл маңызды жиын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен, Мұсылман ақсақалдар кеңесі және Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының ұйытқы болуымен жүзеге асты.
Алқалы басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал медиа сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Іс-шараны ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі ашып берді. Сондай-ақ Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің басшысы Мұхаммед Еламин Атта Амин Мұхаммед қатысып, қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңіндегі ізгілік пен келісімнің маңызына тоқталды.
Бүгінде жасанды интеллект технологиялары әлемдік ақпарат кеңістігін жылдам өзгертіп жатқан басты күшке айналды. Қазақстанда бұл бағыт мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, жасанды интеллектіні дамыту стратегиялық басымдық ретінде қарастырылуда. Дегенмен, технологияның дамуы тек мүмкіндіктер емес, сонымен бірге жалған ақпараттың таралуы мен этикалық мәселелер сияқты үлкен жауапкершілікті де бірге алып келді. Осы орайда «бейбітшілік журналистикасы» тұжырымдамасының маңызы арта түспек. Бұл — ақпаратты тек тарату ғана емес, оны қоғамдағы бірлік пен дінаралық татулықты нығайту үшін қолдану деген сөз.
Жасанды интеллектіні ақпараттық айла-шарғыларға қарсы тұруға және шынайы диалог орнатуға бағыттау — заман талабы. Достық үйінде өткен бұл шара технология мен рухани құндылықтардың үндестігін табуға бағытталған маңызды қадам болды.
