Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты дөңгелек үстел өтті. БҰҰ-ның зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндігі аясында ұйымдастырылған алқалы жиын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен, Мұсылман ақсақалдар кеңесі және Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының ұйытқы болуымен жүзеге асты.

Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, медиа сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Іс-шара барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі сөз сөйлеп, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді.

Медиа сарапшы, ғалым Молдияр Ергебеков модераторлық еткен басқосудың басты мақсаты – медиа, этика және жасанды интеллектінің өзара байланысын бейбітшілік журналистикасы тұрғысынан талқылау, ақпарат кеңістігіндегі жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын нығайту жолдарын айқындау болды.

Бұл бастамаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты тікелей негіз болып отыр. Президент биыл Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде жасанды интеллект бойынша этика комиссиясын құруды тапсырған болатын. Бейбітшілік, бітімгерлік және бірлік – еліміздің басты бағыттарының бірі.

Жиында айтылғандай, қазіргі таңда «бейбітшілік журналистикасы» ұғымын тек соғыстар мен қақтығыстарды болдырмау деп түсіну жеткіліксіз. Қоғам ішіндегі әлеуметтік, таптық, мәдени, этникалық және гендерлік шиеленістер де медиада жиі көрініс тауып, эмоциялық манипуляцияға ұласуда.

Сарапшылардың пікірінше, заманауи медиа жіктелу, бөліну, бірін-бірі айыптау немесе өшпенділік таныту емес, керісінше, диалог жолдарын ұсынатын құралға айналуы тиіс. Басты міндет – зорлықтың себептерін айқын көрсетіп, қоғамды «БІЗ» деген ортақ ұғымның төңірегінде біріктіру.

Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің басшысы Сейдмұхаммед Абдунайым өз сөзінде технология дамыған заманда адами құндылықтардың маңызын атап өтті:

«Жасанды интеллект – адамзат ақыл-ойының жемісі әрі үлкен мүмкіндік. Алайда біздің алдымызда тұрған міндет – озық технологияны адамзаттың игілігі мен қоғамның тұтастығына қызмет еткізу».

Іс-шараның Түркістанда өтуінің символикалық мәні зор. Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері – ізгілік пен мейірімнің, бейбітшілік пен татулықтың үлгісі.

Дөңгелек үстелден соң Сейдмұхаммед Абдунайым университеттің Теология факультетінің студенттерімен еркін форматта кездесу өткізді. Ол жастарға Мұсылман ақсақалдар кеңесінің миссиясын таныстырып, болашақ дінтанушылармен пікір алмасты.

Екі сессияға жалғасқан жиында баяндамашылар өзекті мәселелерді көтеріп, сындарлы ұсыныстар айтты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған мұндай келелі кеңестер алдағы уақытта да жалғасын табады.