Түркістан облысы, Жетісай ауданының Алғабас ауылында болған алапат өрт салдарынан бірнеше отбасының мүшелері, оның ішінде тоғыз баланың қаза тапқаны туралы суыт хабарды «Bilim Qazyna» қоғамдық қорының ұжымы терең күйзеліспен қабылдады.
Бұл – тек бір отбасының ғана емес, бүкіл Жетісай жұртшылығының, күллі Қазақ елінің қабырғасын қайыстырған орны толмас ауыр қасірет. Әсіресе, болашағынан зор үміт күттірген, әлі өмірі алда тұрған тоғыз бірдей періштенің мезгілсіз қиылған өмірі жүрегімізді тілгілеп өтті.
Сөзбен жеткізу мүмкін емес бұл қайғы – баршамызға ортақ.
«Bilim Qazyna» қоғамдық қорының атынан марқұмдардың отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Осындай ауыр сәтте сіздерге сабырлық, төзімділік пен рухани күш-қуат тілейміз.
Марқұмдардың жаны жәннатта, топырағы торқа болсын.
Қайғыларыңызға ортақпыз.
Терең күйзеліспен «Bilim Qazyna» қоғамдық қорының ұжымы
