Қазақстанның рухани орталығы Түркістан мен мәдени астанасы Алматы қалаларында «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты халықаралық деңгейдегі маңызды жиындар өтті.

ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен, Мұсылман ақсақалдар кеңесі және Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының ұйытқы болуымен өткен бұл шаралар жаһандық ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық келісімді нығайтуды мақсат етті.

Екі қалада өткен алқалы жиындарда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Депутат өз сөзінде бұл бастамалардың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатымен тікелей үндесетінін атап өтті. Президент биыл Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде жасанды интеллект бойынша этика комиссиясын құруды тапсырған болатын. «Бейбітшілік пен бітімгерлік, бірлік пен береке – қазақ елінің басты бағыттарының бірі. Сондықтан бүгінгі жиынға Президент бастамасы негіз болды», – деді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар, Алматыдағы шарада Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Әламин технологиялық прогресс заманында адами құндылықтарды сақтаудың маңызына тоқталды.

Медиа сарапшы Молдияр Ергебеков модераторлық еткен басқосуда Дархан Қыдырәлі «бейбітшілік журналистикасы» ұғымын заман талабына сай кеңінен түсіндірді. Оның пайымдауынша, бұл түсінікті тек қақтығыстармен шектеу жеткіліксіз. Бүгінде қоғам ішіндегі әлеуметтік немесе мәдени шиеленістер медиада жиі эмоциялық манипуляцияға ұласуда. Сондықтан бейбітшілік журналистикасы – жіктелу мен өшпенділікке емес, керісінше, диалог жолдарын ұсынатын және қоғамды «БІЗ» деген ортақ ұғым төңірегінде біріктіретін құралға айналуы тиіс. Жиынның Түркістанда басталуының да өзіндік сыры бар, өйткені Ясауидің тілі – ізгілік пен мейірімнің, бейбітшілік пен татулықтың тілі

Ал Алматыдағы Достық үйінде бұл тақырып ғылыми тұрғыдан тереңдетілді. Абай атындағы ҚазҰПУ профессор-зерттеушісі, Qazaq Experts Club сарапшысы Гүлмира Сұлтанбаева бастаған ғалымдар тобы жалған ақпаратпен күресуге бағытталған «Rasinfo» ресурсын және арнайы әдістемелік еңбектерін таныстырды. Бұл зерттеулер жасанды интеллект пен дезинформация өршіген заманда жаһандық тұрақтылықты сақтауға септігін тигізеді. Қос шараның түйіні ретінде сарапшылар ғылым мен медианың жауапкершілігі ұштасқанда ғана жаһандық ақпараттық қауіпсіздікті нығайту мүмкін екенін дәлелдеді.