«Білім Қазына» қоғамдық қоры мен IRCICA (Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы) ұйымының бірлескен жобасы аясында «Осман мемлекеті және өркениеті тарихы» атты екі томдық іргелі еңбек қазақ тіліне аударылып, оқырманға жол тартты. Бұл туынды — қордың классикалық кітаптарды ана тілімізде сөйлетуге бағытталған ауқымды бастамасының алғашқы жемісі.
Тарих сахнасында жүздеген мемлекеттер құрылып, ондаған өркениеттер гүлденді. Ибн Халдун, Тойнби, Шпенглер сынды ғұламалардың пайымдауынша, қуатты мемлекеттер адамзат игілігі үшін биік өркениеттерді тудырады. Осы тұрғыдан алғанда, Осман империясы — түркі-мұсылман өркениетінің шарықтау шегі.
Бұл еңбек алғаш рет 1994 жылы IRCICA ұйытқы болуымен жарық көргенде, әлемдік ғылыми орта түркі-ислам өркениетінің шынайы биігін мойындауға мәжбүр болды. Бұған дейінгі еуроцентристік көзқарастар түркілерді «примитивті қоғам» ретінде көрсетуге тырысса, бұл кітап Осман мемлекетінің алты ғасыр бойы (1299-1923) үш құрлықты тітіреткен супер держава ғана емес, сонымен бірге терең мәдениет пен бірегей басқару жүйесін қалыптастырған өркениет екенін дәлелдеп берді.

Екі томдық анықтамалық басылым Осман мемлекетінің құрылуынан бастап, халифат дәрежесіне көтерілуіне дейінгі алты ғасырлық тарихын, мәдениетін, ғылымы мен өнерін жан-жақты қамтиды.
Кітаптың ғылыми салмағы оған жазылған алғысөздерден-ақ байқалады. Басылымға Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің басшысы әрі «Білім Қазына» ҚҚ Президенті Сейдмухаммед Абдунаим мен IRCICA бас директоры Махмуд Ерол Кылыч арнайы алғысөз жазды.

Кітаптың ғылыми деңгейін сақтау үшін шығармашылық топ үлкен ізденіспен жұмыс істеді. Көлемді еңбекті түрік тілінен Нұргүл Жамбылқызы аударса, басылымды ғылыми негізде баспаға дайындағандар — Әшірбек Муминов, Мұқан Исахан, Бетүл Аяз бен Селахаддин Уйгур. Бүгінге дейін Осман тарихын тек кино-сериалдардан көрген Алаш баласы енді 1299-1923 жылдар аралығындағы алты ғасырлық тарих пен өркениеттің шынайы шежіресін осы екі томдық анықтамалық басылымнан оқи алады.

«Білім Қазына» қорының келесі жобалары
«Осман мемлекеті және өркениеті тарихы» — бұл үлкен жолдың бастамасы ғана. Қазіргі таңда «Білім Қазына» қоры рухани құндылықтарды ұлықтау мақсатында келесі туындыларды баспаға өткізді, кітап дайындалып жатыр:
-
Муса Шахин Лашиннің «Хадис» кітабы;
-
Әбул Хасан әл-Мауардидің «Адаб китабуд дуния уад дин» еңбегі;
-
«Бұхарадағы 7 пір» жинағы;
-
«Сахабалардан сабақ» кітаптары.
Бұл еңбектер де талғамы биік оқырманның рухани қажеттілігін өтеп, қазақ тілді ғылыми-танымдық әдебиеттің қорын байыта түспек.
Ендеше, тарих пен өркениеттің шынайы шежіресін танығысы келетін әрбір оқырман үшін бұл екі томдық таптырмас қазына болмақ. Қазақ еліне құнды жәдігер құтты болсын!

