«Біз суретке қараймыз ба, әлде сурет бізге қарай ма?» – дейді белгілі суретші Шаттық Батан. Бұл сауал оның өнерге деген терең көзқарасын, бояулардың ар жағында жасырынған сырды көре білетінін аңғартады. Жақында ғана «Білім-Қазына» подкастында қонақта болған Шаттық Батан сурет өнерінің қыр-сыры, ұлттық нақыш пен бояу символикасы туралы ой қозғады.

Шаттық Батан өнерді сыртқы сұлулыққа ғана емес, ішкі тереңдікке, мағынаға негіздеу керектігін жиі айтады. «Жазушылар кітабы жоқ үй – жүдеу дүние» деген тәмсіл бар ғой. Мен осыны толықтырар едім. Суреті жоқ үй – жұпыны. Бірақ көр-жерді емес, нағыз асылды, ойлы суретті таңдай білу керек. Бізде көбіне ата-әжесінің портретін салдыру ғана өнер деп қабылданады. Бұл ақындарға атасын мақтатып, ода жаздырғанмен бірдей арзан дүние» – дейді ол. Суретші үшін бейнелеу өнері – сана мен рухтың айнасы, түстің ішіне жасырынған уақыт пен ұлттық кодты ояту әрекеті.

Суретші болмысының негізі балалық шағында қаланыпты. Әжесінің сарыала сырмағы мен алашасына үңілу арқылы алғашқы шығармашылық шабытты сезінген. Киіз бен өрнектен, алаша мен оюдан шыққан ұлттық код оның ішкі әлемін ерте кезден байытты. Тасқа қашалған таңба, көне өрнектегі белгілер кейін оның шығармашылығына қуатты өзекке айналды.
«Жастық шағымда түрлі эксперименттерге бардым. Модернизм, сюрреализм, абстракционизм – бәрі мен үшін мектеп болды. Бірақ бір сәтте өзімді іздеуге бет бұрдым. Ұлттық өнермен үндескен шығармашылық жолымды таптым» – дейді ол.

Шаттық Батанның туындыларына қарап отырып, қоңыр бояудың бір ерекше жылылық пен сағынышқа толы күйін сезесіз. Бұл жай эстетикалық таңдау емес – сағыныштың бояуы. Өткенге, ұмыт қалған сәттерге деген аңсар. Суретші көбіне жұмбақ бейнелер арқылы адамның ішкі әлеміне үңіледі.

Туындыларында жиі кездесетін ирелең сызықтармен жалғасқан дөңгелек пен үшбұрыш та жай ғана геометрия емес. Олар – символ.

Суретші Шаттық Батан – халықаралық көрмелердің ұйымдастырушысы, жаңа идеялардың авторы. Соның бірі – Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына арналған «Тұран таулары» халықаралық көрмесі. Алматыдағы Мемлекеттік өнер мұражайында өткен бұл көрмеге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей суретшілерінің 80-нен астам туындысы қойылды. «Бұл көрме – ортақ тамырымызды еске салу, Тұран өркениетінің көркем бір әуені секілді. Ұлы дала суретшілерінің әлемін біріктіріп, өткен мен бүгінді байланыстыру мақсатында ұйымдастырылды» – дейді ол.

Леонардо да Винчи: «Сурет – бұл ақылдың көзі» деген екен. Бұл сөзді Шаттық Батан тереңірек түсіндіреді: «Сурет – адамның көзіне ғана емес, санасына әсер ететін күш. Ол бір сәтте ойландырып, бір мезетте жұбатады. Бояу – жанның тілі. Кейбір дүниелерді сөзбен емес, түспен ғана жеткізе аламыз».

Осы орайда Ван Гогтың: «Суретші шындықты түстер арқылы жеткізеді» деген сөзі де ойға оралады. Шаттық Батан үшін түстердің өзіндік тілі бар.

Бүгінгі қоғамда өнерді тек әдемілікке ұмтылу деп түсінетіндер көп. Бірақ Шаттық Батан бұл түсінікпен келіспейді. «Сурет – сұлу болу үшін емес, ой салу үшін бар. Көрермен картинаға қарап өз ішкі даусын тыңдай алуы керек» дейді ол. Оның ойынша, өнер – сұрақ қою, жауап табуға итермелеу, бейнелер арқылы үнсіз диалог жүргізу.

Сұхбат соңында суретші қазақ бейнелеу өнерінің әлемдік деңгейдегі бағасын да сөз етті. «Қазақ суретшілерінің өзіндік қолтаңбасы бар. Әлем мойындай бастады. Бірақ бізге ұлттық ерекшелігімізді тек формамен емес, мазмұнмен де жеткізу маңызды. Түсті, өрнекті, кодты – бәрін заманға лайықтап сөйлеуіміз керек» – дейді ол. Шаттық Батан – бояу тілімен сөйлейтін суретші. Оның әр туындысы – үнсіз монолог, сырлы әңгіме, терең ой. Ол суретке қарап қана қоймай, сурет бізге қалай қарайтынын да түсінуге шақырады.