2026 жылдың 20 мамырында елордамыз Астана қаласында отандық ғылым мен мәдениет үшін маңызы зор, айтулы оқиға орын алмақ. «Білім Қазына» қоғамдық қоры мен IRCICA (Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы) ұйымының бірлескен жобасы аясында қазақ тіліне аударылған «Осман мемлекеті және өркениеті тарихы» атты екі томдық іргелі еңбектің ресми тұсаукесер рәсімі өтеді.
Бұл туынды — қордың әлемдік классикалық кітаптарды ана тілімізде сөйлетуге бағытталған ауқымды бастамасының алғашқы жемісі.
Тұсаукесер рәсіміне отандық және халықаралық деңгейдегі белгілі тарихшылар, түркітанушы ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ тілшілері қатысады. Жиын барысында кітаптың аударылу, басылып шығу процесі талқыланып, туындының ғылыми құндылығы туралы сарапшылардың баяндамалары тыңдалады.
