Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай «Білім Қазына» қоғамдық қоры игілікті шара ұйымдастырды.
Қор ұжымы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (МУИТ) студенттері мен қызметкерлеріне арнайы ауызашар себеттерін таратты.

Бұл бастама — білім жолында жүрген жастарға қолдау көрсету, қоғамда өзара жәрдемдесу және жанашырлық құндылықтарын дәріптеу мақсатында жүзеге асырылды. Студенттер қауымы үшін жасалған бұл тарту қасиетті айдың берекесін сезіндіріп, оқу ордасындағы рухани бірлікті нығайта түсті.

«Білім Қазына» қорының өкілдері атап өткендей, жастар — елдің болашағы, сондықтан олардың тек біліміне ғана емес, әлеуметтік жағдайы мен рухани көңіл-күйіне де көңіл бөлу маңызды. Университет ұжымы мен студенттер қордың бұл игі қадамына ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Айта кетейік, «Білім Қазына» қоғамдық қоры бұған дейін де түрлі әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Өткен жылы да дәл осы университет қабырғасында білім ізденген жүздеген талапкерге ауызашар өткізген едік. Рамазан айындағы мұндай ізгі істер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Ораза айында жасаған әрбір жақсылық қабыл болсын!
