Бүгін – қазақтың ұлы ағартушысы, ғалым, тілтанушы, әдебиеттанушы әрі көрнекті қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 154 жыл толды.
Ол төл тарихымызда қазақ кәсіби журналистикасының негізін қалаған ірі тұлға ретінде есте қалды. Зиялы қауым мен қалың бұқараға баспасөздің қоғамдық қызметін ұғындырып, өркениетті әрі тәуелсіз елге басылымның қаншалықты қажет екенін жанкешті еңбегімен дәлелдеді. 1913 жылы Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлымен бірге «Қазақ» газетін шығарып, ұлттың саяси-әлеуметтік және мәдени мәселелерін батыл көтерді. Бас редактор ретінде оның жетекшілігімен жарық көрген бұл газет қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкеліп, халықты білімге, ғылымға және ұлттық сананы жаңғыртуға үндеген ірі құбылысқа айналды.
Өткір ойлы публицист ретінде Ахмет Байтұрсынұлы Абайдың ағартушылық және сыншылдық дәстүрін жалғастыра отырып, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық деңгейге көтерді. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен сол кезеңнің шынайы бейнесін көрсетті. Әдебиеттану саласындағы алғашқы зерттеулердің бірі саналатын «Қазақтың бас ақыны» көлемді мақаласында Абайдың ақындық шеберлігі мен поэзияға көзқарасына терең ғылыми тұжырым жасады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек – «Әдебиет танытқышты» жазып, әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тиянақты анықтама беріп, ұлттық әдебиеттану ғылымының жүйесін жасақтады. Оның аудармалары мен зерттеулері қазақ оқырманының рухани көкжиегін айтарлықтай кеңейтті.
Ұлт ұстазы қазақ тіл білімінің іргетасын қалап, тілдің ғылыми жүйесін қалыптастырған реформатор болды. Ұлттық әліпбидің жаңа үлгісін ұсынып, оқу-ағарту ісіне арналған «Әліппе», «Тіл-құрал» сынды іргелі оқулықтар жазды. Бұл еңбектер қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына және толыққанды білім алуына жол ашты. Ғалым ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына, қазақ мектептерінің дамуына және кәсіби мұғалімдер даярлау ісіне айрықша мән берді.
Алаш қозғалысының басты көшбасшыларының бірі ретінде ол еліміздің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігін нығайту жолында аянбай тер төкті. Халықты ынтымаққа, еңбекке және ел болашағы алдындағы жауапкершілікке шақырған қайраткердің жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған зиялылар легін қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз.