Петропавл қаласында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өңірлік өкілдігі ресми түрде жұмысын бастады.
Бұл – аталған жоғары оқу орнының Қазақстан аумағында ашылып отырған алғашқы өкілдігі. Бүгінде мұнда өңірдегі өнерге бейім 97 студент тоғыз түрлі білім беру бағдарламасы бойынша оқуға кірісті. Жаңа білім беру жобасы Үкіметтің аймақтарда шығармашылық бағытты дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды. Студенттерге ұсынылатын білім беру бағдарламалары театр, музыка, бейнелеу өнері, кино және телевизия салаларын кеңінен қамтиды. Атап айтқанда, жас дарындар актерлік шеберлік, вокал, дәстүрлі музыка, халық аспаптары, эстрада өнері, кескіндеме, көркем фильм режиссурасы және өзге де маңызды бағыттар бойынша кәсіби білім алады.
Мамандардың пікірінше, бұл игі бастама Солтүстік Қазақстан облысындағы талантты жастардың өз туған өңірінен ұзамай-ақ сапалы білім алып, шығармашылық қабілетін толық ашуына зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті деңгейде білікті кадрлар даярлау өңірдің жалпы мәдени әлеуетін арттыруға тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Өңірлерде шығармашылық білім беру ісін дамыту мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі саналатындықтан, алдағы уақытта да жас дарындарды қолдауға және олардың талантын ұштауға айрықша көңіл бөлінеді.
