Астанада Қазақ тазысы күніне орай мәдениет қайраткерлері мен қала жастары «Тазы – жеті қазынаның бірі» атты шығармашылық челленджге қосылды.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, бұл бастама ұлттық мұра мен заманауи технологияларды ұштастыруды көздейді. Қарқынды дамып жатқан бас қала үшін мұндай шаралар дәстүрлеріміздің жаңа буынға қызықты екенін және заманауи цифрлық кеңістікте өзіндік орнын таба алатынын көрсетеді. Басты мақсат – жұртшылық назарын тек бірегей ит тұқымы ғана емес, тарихи жадымыздың, мәдениетіміз бен ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі саналатын қазақ тазысына аударту.

Бұл ретте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актрисасы Гүлмира Жакилина қазақ тазысының ұлттық құндылықтар арасындағы айрықша орнын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бірегей тұқым еліміздің мәдени және тарихи мұрасын әлемдік деңгейде танытып жүр, ал халықаралық іс-шараларға қатысу тазыны кеңінен насихаттап, оның жаһандық мәртебесін нығайтуға үлкен септігін тигізеді.

Ұлттық қазынамызды дәріптеуге бағытталған бұл челленджге кез келген адам қатыса алады. Ол үшін тақырыпқа сай шығармашылық жұмыс дайындап, оны әлеуметтік желілерде көпшілік назарына ұсыну қажет.