Қырғызстанда 1-6 қыркүйек аралығында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтуде. Дүбірлі додаға әлемнің 104 елінен 3000 спортшы қатысып, өзара бақ сынауда.
Биылғы ойындардың тұмары ретінде ілбіс таңдалып, оған Батай деген есім берілді. Жарыстар мен мәдени шаралар Шолпон-Ата қаласындағы «Дордой Номад» амфитеатры, «Газпром» кешені, қалалық ипподром, Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығы және Қырчын шатқалы сияқты бірнеше локацияда түрлі форматта ұйымдастырылды.
Спорттық сайыстар негізінен «Газпром» кешені мен ипподромда өтуде. Мұнда көрермендер көкпар, көкбөрі, ат спорты түрлері, самбо және алыш күресі сияқты дәстүрлі жарыстарды тамашалай алады. Ал Қазақстан ұлттық құрамасынан жарыс бағдарламасында бекітілген 42 спорт түрі бойынша 152 спортшы ел намысын қорғауда.
Ауқымды мәдени іс-шаралар «Рух Ордо» орталығы, «Дордой Номад» амфитеатры және Қырчын шатқалындағы Құрманжан датқа атындағы Көшпенділер өркениеті орталығында жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Қырчын шатқалында Қырғызстанның ірі қалаларына жеке аумақтар бөлініп, киіз үйлер тігілді. Онда меймандарды ерекше қонақжайлылықпен күтіп алып, салт-дәстүрлерді таныстырып, ұлттық тағамдардан дәм таттыруда. Сонымен қатар табиғат аясында арқан тартыс пен жамбы атудан жарыстар өтті.
Мереке аясындағы Nomad Fest фестивалінде театрландырылған қойылымдар, «Этномода» көрсетілімі, этнографиялық-фольклорлық ансамбльдердің өнері мен түрлі концерттер ұйымдастырылды. Арнайы құрылған этномәдени қалашықта тоқыма, тері, ағаш және қыштан жасалған қолөнер бұйымдары сатылса, арнайы тамақтану аймағында қырғыз халқының ұлттық тағамдары ұсынылуда. Ал кешкі сағат 18:00-ден бастап ипподром мен «Дордой Номад» амфитеатрында халықаралық концерттер өтіп, Ресей мен Оңтүстік Корея сән үйлерінің топтамалары көрсетіліп жатыр. Концерттік бағдарламаларда Болгария, Қазақстан, Пәкістан, Қырғызстан және өзге де елдердің әншілері мен ұлттық бишілері өнер көрсетуде.
