Халықаралық зерттеу тобы қазақстандық «Алтын адамның» толық геномын зерттеп шықты. Бұл зерттеу темір дәуіріне жататын археологиялық олжаның ер адамға тиесілі екенін нақтылады.

Жоба АҚШ, Қазақстан, Германия, Аустралия және Оңтүстік Корея ғалымдарының қатысуымен жүзеге асты. Оған Техас университеті (Остин), Макс Планк атындағы Эволюциялық антропология институты, Тюбинген университеті, Аделаида университеті, Сеул ұлттық университеті, Генетика және физиология институты, Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, сондай-ақ «Есік» және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарының мамандары атсалысты.

Ғалымдар біздің дәуірімізге дейінгі 900-200 жылдар аралығында Еуразия даласында жерленген 85 адамның геномына талдау жасады. Осы жұмыстар аясында Қазақстанның танымал археологиялық жәдігері – «Алтын адамның» геномы алғаш рет толық секвенирленді.

1969 жылы Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырларға жатады. Тоналмай жеткен бұл қорымнан 4 мыңнан астам алтын әшекей, темір семсер мен қанжар, қола айна, қыш ыдыстар, сондай-ақ күміс, қола және ағаштан жасалған бұйымдар табылды. Археологтер бұл нысанды сақ дәуірінің ең бай жерлеу орындарының бірі деп бағалайды. Ондағы ерекше жәдігердің бірі — 26 таңба қашалған күміс тостаған, оның жазу сыры әлі де толық ашылмады.

«Алтын адамның» сақ мәдениетіне жататыны бұрыннан белгілі болса да, жынысы төңірегінде ғылыми ортада ұзақ уақыт пікірталас жүрді. Ежелгі ДНҚ-ға жасалған талдау оның ер адам болғанын нақты айқындады. Зерттеу қорытындысы «Алтын адамның» генетикалық тұрғыдан темір дәуірінде өмір сүрген басқа сақ тайпаларының өкілдеріне жақын екенін көрсетті.

Сонымен бірге оның геномында Орталық Азияның оңтүстігіндегі ежелгі халықтарға тән генетикалық үлестің біршама жоғары екені байқалды. Бұл мәліметтер темір дәуіріндегі көшпелі халықтарда әлеуметтік жіктелудің қалыптасуын анықтауға арналған ауқымды зерттеудің бір бөлігіне айналды. Ғалымдар сән-салтанатпен жерленген ақсүйектердің ДНҚ-сын қарапайым қорымдардағы деректермен салыстыра отырып, қоғамның билеуші тобы өзара жақын туыстық байланыста болған деген тұжырым жасады.

Генетикалық талдау бір ақсүйек өкілінің бір-бірінен 50-140 шақырым қашықтықта жатқан, екі түрлі қорымға жерленген екі адамның атасы болғанын көрсетті. Бұл билік пен жоғары әлеуметтік мәртебенің бір әулет ішінде бірнеше ұрпақ бойы сақталғанын аңғартады.

Зерттеу ақсүйек әулеттерінің кейбірінде жақын туыстар арасындағы некенің белгілері де бар екенін ашты. Сондай-ақ бұл әлеуметтік топтың саны жалпы халықпен салыстырғанда әлдеқайда аз болған. Мұндай сипат сол кезеңдегі билеуші әулеттердің барынша жабық орта болғанын дәлелдейді. Авторлардың тұжырымына сәйкес, генетикалық деректер темір дәуіріндегі сақ қоғамының билеуші тобы арасында мұрагерлік әулеттердің болғанын растап отыр.