Қазақстанда мемлекеттік тілдегі әдебиетке деген қызығушылықтың тұрақты түрде өсіп келе жатқаны байқалады. Соңғы бір жылдың ішінде еліміздің көпшілік кітапханаларынан оқырмандарға барлығы 88,9 миллион басылым берілсе, оның 53,4 миллионы немесе 60,1%-ы тікелей қазақ тіліндегі әдебиеттердің үлесіне тиесілі болды. Бұл оң үрдіс кітапхана қорларының жаңаруынан да көрініс тапты. Мәселен, бір жыл ішінде кітапханаларға 906,5 мың жаңа басылым түсіп, оның 662,3 мыңын қазақ тіліндегі кітаптар құраған. Осылайша, бүгінде еліміздің көпшілік кітапханаларындағы қазақ тіліндегі әдебиеттер қоры 30,3 миллион данаға жетіп, жалпы кітапхана қорының 41,7%-ын құрады.

Оқырмандар арасында көркем әдебиетке, сондай-ақ тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы еңбектерге деген сұраныс дәстүрлі түрде жоғары деңгейде сақталуда. Жалпы қолға берілген кітаптардың 57,6%-ы немесе 51,3 миллион данасы осы бағыттағы шығармалар. Жаңа түсімдер арасында да көркем әдебиеттің басымдығы айқын: бір жылда қор осындай мазмұндағы 577,7 мың басылыммен толығып, барлық жаңа түсімнің 63,7%-ын иеленді.

Кітапхана қызметін тұтынушылардың елеулі бөлігін өскелең ұрпақ құрайды. Оқырмандар қатарында 15 жасқа дейінгі 1,75 миллион бала және 1,38 миллион жас бар. Сонымен қатар, ересек оқырмандардың саны 2,4 миллион адамды құрайды. Өңірлік көрсеткіштерге назар аударсақ, кітап оқитын тұрғындардың ең жоғары үлесі Павлодар облысында 47% тіркелген. Үздік үштікті Солтүстік Қазақстан 45% және Батыс Қазақстан 42% облыстары түйіндеп тұр.

Бұл статистикалық деректер көпшілік кітапханаларының елдің мәдени-ағартушылық кеңістігіндегі орнының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныстың артуы, көркем әдебиеттің кеңінен оқылуы және балалар мен жастардың белсенділігі елімізде кітап оқу мәдениетін одан әрі дамытуға үлес қосады.