Орталық Азия тарихында тұңғыш рет Қазақстан ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды.

Осы тарихи және спорттық оқиға аясында Қазақстан Үстел теннисі федерациясы мен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» бірлесіп, отандық қолөнершілерге арналған ауқымды республикалық байқау жариялайды. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл байқау — ұлттық қолөнерді, заманауи дизайнды және қазақстандық шығармашылықты әлемдік деңгейде танытуға бағытталған бірегей мүмкіндік. Байқауда үздік шыққан қолөнер шеберлері халықаралық деңгейдегі спорттық шараның ресми серіктесі атанып, келесі заңды мүмкіндіктерге ие болады:

Astana2027 әлем чемпионатының ресми брендтік дүкендерінде өз бұйымдары мен өнімдерін ұсыну және сату құқығы;

Халықаралық делегациялар мен шетелдік серіктестерге арналған ресми сыйлық өнімдерінің ресми жеткізушісі мәртебесін алу;

Әлем чемпионатының ресми медиа-ресурстарында  #Astana2027 , әлеуметтік желілері мен ақпараттық порталдарында кеңінен насихатталу;

Халықаралық деңгейдегі «Official Artisan Partner Astana 2027» (Astana 2027 ресми қолөнерші серіктесі) құқықтық мәртебесін иелену.

Байқауға қатысу үшін info@astana2027.kz электронды поштасына өзіңіз туралы қысқаша ақпарат пен қолөнер жұмыстарыңыздың сапалы суреттерін жолдауыңыз қажет. Жолданған өтінімге жауап ретінде ұйымдастырушылардан байқаудың ресми ережесі, техникалық талаптары мен қатысу шарттары жіберіледі. Арнайы комиссия ұсынылған жобалардың ұлттық нақышқа сай болуын, сапасын және креативтілігін бағалап, ресми серіктестер тізімін бекітеді.