Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қариннің мәліметінше, Қазақстан ұсынған «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындар» номинациясы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің қарауына ұсынылды.
Еске салайық, 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы бірегей жерасты және жартасты мешіттерді ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, номинациялық құжаттар әзірленді. Сонымен қатар құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер пысықталып, өткен жылы ЮНЕСКО-ның бағалау миссиясы Қазақстанға арнайы келді. Жуырда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар орталығы мен ICOMOS ұйымының техникалық қорытындылары да алынды.
Қазіргі уақытта Корея Республикасының Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясы өтіп жатыр. 29 шілдеге дейін жалғасатын жиында әлемнің 196 мемлекетінен келген делегаттар мен халықаралық сарапшылар мәдени және табиғи мұра нысандары бойынша ұсынылған 30 жаңа номинацияны қарайды.
Олардың қатарында Қазақстан ұсынған «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындар» номинациясы да бар. Егер комитет оң шешім қабылдаса, бұл Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытудағы маңызды жетістіктердің бірі болмақ.
