Қазақстанның тарихи-мәдени мұра нысандарына келушілер саны артып келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында еліміздегі музей-қорықтарға 784 мыңнан астам адам барған.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде музей-қорықтарда 7 638 экскурсия ұйымдастырылып, 198 көрме өткізілген. Бүгінде олар мәдени туризмді дамытудың маңызды бағыттарының біріне айналып, археологиялық ескерткіштерді, тарихи орындарды, мемориалдық кешендер мен ашық аспан астындағы мәдени мұра нысандарын қамтыды, — деп мәлімдеді 24 kz.
Еліміздегі танымал музей-қорықтардың қатарында Ұлытаудағы Жошы хан және Алаша хан кесенелері, Теректі әулие мен Әулиетау тарихи кешендері, Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, сондай-ақ Таңбалы музей-қорығы бар.
Тарихи мұраны сақтау бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ғылыми зерттеулер жүргізілсе, Сарайшық қалашығында ғылыми-реставрациялық жұмыстар жалғасып, тарихи жерлеу орындары қалпына келтірілді.
Жыл басынан бері музей-қорықтарда төрт ғылыми конференция өткізіліп, төрт ғылыми жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Есік» және «Берел» музей-қорықтарының мамандары Түркия, Польша және Қытайда тағылымдамадан өтіп, халықаралық ғылыми экспедицияларға қатысты. Зерттеу нәтижесінде тоғыз ғылыми мақала жарияланды.
Сондай-ақ отандық және шетелдік ұйымдармен 25 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, музей-қорық мамандары Анкара, Сиань, Якутск және Астана қалаларында өткен халықаралық форумдарға қатысып, тарихи-мәдени мұраны сақтау тәжірибесімен бөлісті. Бұдан бөлек, саладағы 10 маман мемлекеттік наградалармен марапатталды.
