Қазақстан Үкіметі Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ілгерілету және насихаттау жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжатта ұлы ойшылдың мұрасын зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау, сондай-ақ Түркістанды рухани туризмнің жетекші орталықтарының бірі ретінде дамытуға бағытталған 37 іс-шара қарастырылған. Іс-қимыл жоспары бес негізгі бағытты қамтиды. Олар – институционалдық және құқықтық базаны жетілдіру, ғылыми-зерттеу және білім беру жұмыстарын дамыту, мәдени-ағартушылық және шығармашылық жобаларды жүзеге асыру, ақпараттық-имидждік және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ тарихи мұраны қалпына келтіру.

Жоспар аясында жастармен жұмысқа ерекше назар аударылады. Түркістан қаласында оқушылар арасында дәстүрлі «Ясауитану» республикалық байқауын өткізу және музей жанынан «Ясауитану» клубын ашу көзделген. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауидің шығармалары мен ғылыми еңбектерін басып шығару, мұрасын отандық және шетелдік ғылыми орталықтар мен архивтерден жинақтау, архивтік құжаттардың каталогін әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.

Туристер үшін ақпараттық материалдарды жаңарту, жаңа туристік маршруттар әзірлеу, гайдбуктар, бейнероликтер мен аудиогидтер дайындау, сондай-ақ кесенеде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жалғастыру жоспарланған. Бұдан бөлек, ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында Қожа Ахмет Ясауидің жазба мұрасын халықаралық деңгейде таныту, сондай-ақ ЮНЕСКО мен ИСЕСКО аясында Ясауи жылын немесе арнайы мәдени күндерді жариялау мәселелері қарастырылады.

Мамандардың айтуынша, бұл жоспардың жүзеге асуы Қожа Ахмет Ясауи мұрасын сақтау мен зерттеу жұмыстарын күшейтіп, оның халықаралық деңгейде танылуына және Түркістанның рухани-мәдени әрі туристік әлеуетінің артуына ықпал етеді.