«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдары Ресей мемлекеттік кітапханасынан бұған дейін ғылыми ортаға беймәлім болып келген құнды жәдігерді анықтады.

Ясауи тариқатының тарихы мен рухани іліміне арналған сирек қолжазба XVII ғасырға тиесілі. Ғылыми зерттеу жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерделеу және кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасына, сондай-ақ Үкімет бекіткен Ясауитану саласын дамыту жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.

«Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин» («Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі») деп аталатын еңбек Мәскеуге ұйымдастырылған арнайы ғылыми экспедиция барысында табылған. Бұхарада жазылған бұл туынды — Ясауи мектебінің тарихын танытатын аса маңызды жазба дереккөздердің бірі.

Қолжазбада сопылық ілім, жария зікір дәстүрі және рухани сабақтастық мәселелері кеңінен сөз болады. Аталмыш еңбекте Қожа Ахмет Ясауиден, Хакім ата мен Зеңгі атадан бастау алып, тариқаттың кейінгі өкілдеріне дейін жалғасқан рухани шежіре жөнінде баға жетпес мәліметтер қамтылған.

Бүгінгі таңда мамандар қолжазбаның ғылыми сипаттамасын әзірлеу үстінде. Алдағы уақытта оның мәтіні өзге белгілі нұсқалармен салыстырылып, терең мәтінтанулық талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері ғылыми айналымға енгізілетін болады.