Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында орналасқан көне қалашықтың қорғаны қайта жаңғыртылуда. Ғылыми-реставрациялық жұмыстарды «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары қолға алды.
Қорған қабырғасын қалпына келтіру туралы шешім арнайы мониторинг нәтижесінде қабылданған. Бақылау барысында тарихи нысанның жыл сайын 10-15 сантиметрге ығысатыны анықталды. Апатты жағдайда тұрған қабырға бөлігінің жалпы ұзындығы 40 метрді құрайды.
Жоспарға сәйкес, бірінші кезекте шығыс қақпадан бастап 32 метр аумақ қалпына келтіріледі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, реставрация кезінде алдымен қабырғаның іргетасы нығайтылады. Сондай-ақ, апатты бөліктен алынған жарамды материалдар сақталып, солардың көмегімен қабырғаның бүлінген бөлігі қайта қаланады. Айта кетейік, бұл қорған қабырғасы осыған дейін 2000 жылдары археологиялық зерттеулер негізінде жаңғыртылған болатын.
Жүргізіліп жатқан құрылыс-жөндеу жұмыстары қабырғаның одан әрі бүлінуіне жол бермей, цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің тарихи келбетін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Ғылыми реставрацияны 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
