АДАМЗАТҚА ҮЛГІ БОЛҒАН ПАЙҒАМБАР (С.А.С.)

Ғибрат пен өнеге секілді ең көркем сөздермен егіз ұғымға айналған мәуліт жайлы талай жыр жазылып, керісінше мінеушілер де бар. Қазіргі ақпараттар арпалысқан жаһандану дәуірінде ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыру үшін мүбәрак тұлға Мұхаммед (с.а.с.) жайлы арнайы еске алып, жас ұрпаққа ғибратты ғұмырдан тәлім беру – ауадай қажет. Осы орайда Нұр-Мүбарак университетінде өткен «Адамзатқа үлгі болған Пайғамбар (с.а.с.)» мәуліт кеші жақсылардың басын қосып, ізгілікті үлгі етті. Қасиетті Құранмен ашылған салтанатты кеште университет ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат, проректор PhD доктор Қайрат Құрманбаев беташар сөз сөйлеп, көпшілікке тағылымды насихат айтты. Пайғамбардың (с.а.с.) асыл мұратын ұстанудың қашанда жауапкершілігі мен маңызы жоғары екендігіне ерекше тоқталды.

Кеш барысында әсем әннен шашу шашылып, күмбірлеген күй ойнады. Мерекемен құттықтай келген өнерпаз Айдар Тұрғамбек пайғамбар жайлы әнімен көпшілікті тәнті етті. Ұлттық өнер айтыстың да туы көтеріліп, ақындардың алғырлығы мен тапқырлығы жұртшылықты бір серпілтті. Қазіргі дін білімін қолдануға қатысты кездесетін жағдайларға орай ұсынған студенттердің қойылым көрерменді ойға жетеледі. Мереке соңында студенттер арасында ерекше ойын ойнатылып, жеңімпаздарға ерекше сыйлық жасалды. Яғни «QAZAQ TRAVEL» қажылық компаниясы умра сапарына 30%, 50% жеңілдікпен және толықтай тегін жолдама ұсынды. Нәтижесінде, Жалиев Әлібек (30%), Жексенбек Аяулым (50%), ал Абдуллаева Әсел тегін жолдамаға ие болды. Оларға университет басшылары мен қажылық компания өкілдері арнайы сертификат табыстады.

Ал университет жанындағы Білім-Қазына қоғамдық қорына қызмет етуші ерікті студенттер арасынан белсенді Нұрболат Қуанышбекұлына умра сапарына жолдаманы сыйға тартылды.

«ALI SAYAHAT» қажылық компаниясынан Нұрислам Мансұрұлы еріктілер арасындағы белсенді студенттерге болашақта да қолдау жасайтынын уәде етті. Осылайша әлемдегі ең әсем сөздермен басталған мереке соңы ілім жолындағы жастардың қуанышымен аяқталды.

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған