Археологтар ежелгі Отырар қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізіп, Алтын Орда дәуіріне жататын мешіттің орнын анықтады.
Сонымен қатар 3,5 метр тереңдіктен ғибадат орнына апаратын күйдірілген кірпіш пен тастан төселген тұтас көше табылды. Тарихшылардың мәліметінше, ел аумағында мұндай абаттандырылған ортағасырлық көше мен тас баспалдақтар бұрын-соңды кездеспеген. Археолог-ғалым Мұхтар Қожа бастаған топ Отырар аумағындағы қазба жұмыстарын былтыр бастаған. Нәтижесінде VIII ғасырға жататын үй ішіндегі михраб табылған. Оның дәл сол дәуірге тиесілі екенін Түркиядағы зертхана ағаш күлінің көмегімен нақтылап берді. Ғалымның айтуынша, бұл жаңалық ислам дінінің қазақ даласында VIII ғасырда-ақ болғанын дәлелдейді.
«Алғашқы кезде мұсылмандық дінде арнайы мешіт болмаған. Адамдар мінәжат етіп, намаз оқу үшін үйлерінің ішінде михрабтар жасаған. Әзірге мешіттің бір бөлігі ғана ашылды. Оны толық аршысақ, үлкен жаңалық болар еді. Ал табылған тас көшенің қайда апаратыны – базарға ма, әлде басқа алаңға ма, әзірге белгісіз. Жалпы, Отырардағы кейбір мешіттердің базар ішінде орналасқаны туралы тарихи деректер бар», – дейді тарихшы-археолог Мұхтар Қожа.
Қазба жұмыстары 100 шаршы метр аумақта жүргізіліп, қала орнының 5 бірдей тарихи қабаты ашылды. Археолог Бақдәулет Сыздықовтың сөзінше, қазба жұмыстары 3,5 метр тереңдікке дейін жалғасқан. Үшінші құрылыс қабатынан бірнеше тұрғын үй бөлмелері мен құмыра сынды түрлі жәдігерлер табылса, төртінші қабаттан Отырар қаласында алғаш рет кездесіп отырған дахма түріндегі жерлеу орны анықталған. Қасиетті орын маңынан 50-ге жуық адамның сүйегі табылған. Мамандар олардың мешіт жанына арнайы жерленген болуы мүмкін екенін айтады. Бұл сүйектер антропологиялық сараптамадан өткен соң, қайта жерленетін болады.
Отандық ғалымдар бұл тарихи жаңалықты әлемдік деңгейде таныстыруды жоспарлап отыр. ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері Әли Әлімбекұлының айтуынша, Ұлыбритания ғалымдары мен Алтын Орданы зерттейтін халықаралық мамандар бұл жаңалыққа үлкен қызығушылық танытуда. Осыған орай, биылғы қазба жұмыстарының нәтижелері мен табылған артефактілер қыркүйек айының соңында Кембридж қаласында өтетін халықаралық конференцияда таныстырылмақ. Мамандардың пікірінше, 3,5 метр тереңдіктен табылған бірегей мешіт пен тас көше ашық аспан астындағы музейге айналса, Отырар әлемдік туризмнің басты орталықтарының біріне айналады.
