Түркістан облысының Отырар ауданындағы Өзбекәлі Жәнібек кесенесінде «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары реставрация жұмыстарын жалғастыруда.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қазір кесененің күмбездері қыш кірпішпен қапталуда. Кірпіш қаптау жұмыстары аяқталғаннан кейін ылғал өтпеуі үшін оның жіктері арнайы қорғаныш қоспамен толтырылады. Кесененің ішкі бөлігіндегі қабырғалар мен төбенің үгітілген ескі сылақ қабаты толықтай алынып, қайта сыланды. Алдағы кезеңде кесененің едені жаңартылып, есік-терезелері қалпына келтірілгеннен кейін өз орнына қайта орнатылады.

Жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар кесененің тарихи келбетін жаңғыртып, оның ұзақ уақыт сақталуына негіз болмақ.