Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында аға буын өкілдері бас қосып, әдебиеттің адам өміріндегі орны мен жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру мәселелерін талқылады.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, кездесуге қатысқан қариялар өздерінің сүйікті шығармалары мен жинаған бай кітап қорлары туралы әңгімелеп, кейінгі ұрпақты кітаппен дос болуға шақырды. Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Алданыш Нұрпейісов ұзақ жылдар бойы кітап оқуды насихаттап келеді. Ол өзі құрған «Ұлағат» әдеби-шығармашылық ұйымы арқылы Алаш зиялылары мен жазушыларының мұрасын дәріптеуді мақсат еткен. Бала күнінен ауыл кітапханасындағы барлық әдебиетті тауыса оқығанын айтқан зейнеткер кітаптың нағыз тәрбиеші әрі білім көзі екенін, онда адамға қажетті дүниенің бәрі бар екенін алға тартты. Ол қазір де оқуды тоқтатпағанын және жастарға бағыт-бағдар беруді жалғастыра беретінін жеткізді.
Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан келген Мәлика Нұралиеваның кітапқа деген махаббаты ерекше. Оның жеке қорында 6-7 мыңға жуық кітап бар және зейнеткер олардың барлығын дерлік оқып шыққан. Ол жиған-терген қазынасын тек үйде сақтамай, мектептер мен жоғары оқу орындарының кітапханаларына да табыстаған. Зейнеткер кітап оқыған адамның зейіні мен ойлау қабілеті ерекше дамитынын айтып, өз балаларын да осы мәдениетке баулығанын мақтанышпен жеткізді.
Ал Райхан Жұмәліқызы кітапқа деген құрметтің отбасындағы тәрбиеден басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, үйде шығармаларды бірге талқылау дәстүрі оның әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятқан. Әсіресе, ұлт тарихындағы шоқтығы биік «Абай жолын» әрбір қазақ оқуы тиіс екенін баса айтты. Сонымен қатар, жиында кітаптың тек білім көзі ғана емес, тарихи жадыны сақтайтын басты құндылық екеніне назар аударылды. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының өкілі Анар Баймағамбетова көпшілікке Қарахан қағанатынан бастап Қазақ хандығына дейінгі кезеңді қамтитын, сондай-ақ төте, латын және кирилл жазуларындағы құнды жазбалардың факсимиле нұсқаларын таныстырды.
Басқосу қорытындысында қатысушылар кітапты адамның ойлау қабілетін ұштайтын теңдессіз құрал ретінде бағалап, сирек жазбалардың ұлт жадын сақтаудағы маңызын айрықша атап өтті. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастардың төл тарихымыз бен әдебиетімізге деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосады.
