Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің ішкі істер министрлері кеңесінің отырысы алдында құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесу өткізді.
Жиынға Әзірбайжанның ішкі істер министрі Вилаят Эйвазов, Қырғызстанның ішкі істер министрі Ұлан Ниязбеков, Түркияның ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи, Өзбекстанның ішкі істер министрі Азиз Ташпулатов және Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов қатысты. Сондай-ақ іс-шарада ТМҰ Бас хатшысы Қуанышбек Өмірәлиев сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы тарихы тамырлас, тілі мен дәстүрі ұқсас, мүддесі ортақ түркі елдерінің ынтымақтастығы жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бауырлас мемлекеттер арасындағы достықты бекемдеуге Түркі мемлекеттері ұйымы зор үлес қосуда. Қазақстан бұл беделді құрылыммен жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға баса мән беруде. Ұйымға мүше елдер түрлі саладағы, оның ішінде күштік құрылымдар арасындағы өзара байланысты да ұдайы дамыту үстінде. Осы тұрғыдан алғанда, ішкі істер министрлерінің басқосуы айрықша маңызға ие.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда әлемдегі ауқымды өзгерістер мен сын-қатерлер көбейгеніне назар аударды. Жаһандық ахуалдың тұрақсыз әрі құбылмалы сипатына қарамастан, елдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылғанын жеткізді. «Заман талабына сай өркениетті елдер қатарында болу үшін шапшаң әрі ширақ қимылдау қажет. Осы мақсатта Қазақстанда түбегейлі реформалар жүзеге асырылуда. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекетіміздің мызғымас қағидаты», – деді Президент.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы туыстас мемлекеттердің басшыларына ыстық ықыласын жолдап, түбі бір түркі елдері әрдайым берік достық қарым-қатынаста болуы тиіс екенін баса айтты.
