Танымал француз тарихшысы Мари Фавероның «Алтын Орда» кітабы қазақ тіліне аударылды.
Осы орайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин кітап авторымен арнайы кездесіп, тарихи тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Іргелі ғылыми еңбектің төл тілімізде жарық көруіне белгілі баспагер Раиса Қадыр мұрындық болған.
Мемлекеттік кеңесші әлемдік классикамен қатар ғылыми, тарихи және публицистикалық бестселлерлердің қазақ тіліне көптеп аударылып жатқанын оң бағалап, бұл туындының оқырман үшін үлкен олжаға айналатынына сенім білдірді. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының сөзіне сүйене отырып, қазақ халқы Алтын Орданың тікелей мұрагерлерінің бірі саналатынын және бұл тақырыптың ел тарихы үшін айрықша маңызды екенін атап өтті. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстардың жалғасы ретінде жуық арада жарыққа шығатын Қазақстан тарихының көптомдық жаңа академиялық еңбегінде алғаш рет Алтын Орда кезеңіне арнайы бөлек том арналмақ.
