12 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры өзінің 93-ші маусымының шымылдығын салтанатты түрде ашты.
Жаңа маусымның беташары ретінде көрермен назарына көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» роман-эпопеясының желісі бойынша сахналанған «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасы ұсынылды. Айтулы премьера қарсаңында өнер ордасында жаңартылған интерактивті музейдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа форматтағы музей келушілерге театрдың бай тарихы мен оның іргетасын қалаған көрнекті тұлғалардың шығармашылық мұрасымен заманауи интерактивті шешімдер арқылы танысуға бірегей мүмкіндік береді. Мәдени шараға театрдың серіктестері мен меценаттары, сондай-ақ қазақ өнерінің дамуына өшпес із қалдырған ірі тұлғалар – Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Ахмет Жұбанов және Дәурен Әбировтің ұрпақтары мен туыстары арнайы қатысты.
Музейдің ашылуы тағы бір елеулі оқиғамен есте қалды. Театр хор ұжымының амбассадоры Зәуре Розмат пен оның анасы Разия Есенбаева жаңа музейдің қорына балерина бейнеленген сирек картинаны сыйға тартты. Бұл құнды туындының авторы – Қазақстандағы театр-суретшілер мектебінің негізін қалаушылардың бірі Владимир Колоденко. Оның шығармашылық жолы Абай театрының қалыптасу тарихымен тығыз байланысты. Ендігі кезде бұл бірегей туынды жаңартылған музей төрінен лайықты орнын алып, ұрпақтар сабақтастығы мен өнер ордасының бай шежіресін айғақтайтын ең құнды жәдігерлердің қатарын толықтырып отыр.