Қыркүйек айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
Президент өз сөзінде отбасын ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт ретінде бағалады. Әрбір азаматтың дүниетанымы мен адами қасиеттері қастерлі қара шаңырақта қалыптасатынын айтқан ол, ана жүрегінің жылуы мен әкенің өрісті өнегесі адамды биік мақсаттарға жетелейтініне назар аударды. Мемлекет басшысының пайымдауынша, ұлттық салт-дәстүрлер мен төл құндылықтар осылайша ұрпақтан ұрпаққа беріліп, халқымыздың мәдени діңгегі мен рухани тұтастығы нығая түседі.
Президент неке мен отбасы, ана мен бала құқықтарының қашанда мемлекет қорғауында болатынын еске салды. Биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес, неке тек ер мен әйелдің мемлекет заңымен тіркелген ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалып, отбасындағы әйел мен ананың рөлін күшейтуге баса назар аударылды. Сонымен қатар, елімізде алғаш рет Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылып, жұмысын бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев бала тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарауды және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауды мемлекеттің басты миссиясы әрі адам капиталын нығайтудың негізгі шарты деп атап өтті.
Отанға деген сүйіспеншілік, заң мен тәртіпке бағыну, табиғатты аялау және қоғамдық орындарда тазалық сақтау сияқты озық дәстүрлер ең алдымен отбасындағы тәлім-тәрбие арқылы дәріптеледі. Президент барша азаматтарды осы ортақ міндетке күш жұмылдыруға шақырып, бұл қадам қоғамда өркениетті елдерге тән жаңа этиканы қалыптастыратынын жеткізді. Ол жасампаз ұлт ретінде тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басып, әр шаңырағы бақытты өмір сүретін Әділетті Қазақстанды бірге құратынымызға кәміл сенім білдірді.
Жалпы, отбасы құндылықтарын ұлықтау әлемдік деңгейде де үлкен маңызға ие. 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні болып бекітіліп, 1994 жылдан бері тұрақты түрде аталып келеді. Бұл атаулы күн барша мемлекеттердің назарын махаббат пен мейірімнің, құрмет пен сыйластықтың ошағы саналатын отбасы институтын сақтауға аударуды көздейді. Бұл бағыттағы қадамдар қоғамдағы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы ретіндегі отбасының мәртебесін одан әрі биіктете түспек.
(Суретте ЖИ қолданылған)
