Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әзербайжан Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Баку қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Мүфтилер алқасының VII отырысына қатысты.
Алқалы жиын қорытындысы бойынша түркі елдерінің діни көшбасшылары бірқатар маңызды бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Кездесу барысында мүфтилер «Некені дәріптеу, отбасын қорғау және нығайту жөніндегі ортақ жауапкершілік» және «Исламның ғылым мен технологияға көзқарасы» тақырыбындағы мәлімдемелерді қабылдады. Оған қоса, қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналған «Мұсылман екені белгілі болған адамды тәкфир етудің (кәпір деп үкім етудің) үкімі» атты арнайы құжат бекітілді.
Бұл тарихи құжаттар ең алдымен отбасы институты мен дәстүрлі құндылықтарды халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауды көздейді. Сонымен қатар қабылданған мәлімдемелер жастарды білім мен ғылымға ұмтылуға, заманауи технологияларды терең меңгеруге үндеп, жалпы түркі-мұсылман үмбетін татулыққа, ынтымақ пен рухани бірлікке шақырады.
