19 қыркүйекте елордада Қазақстан кинологтары одағының ұйымдастыруымен қазақы тазыға арналған монотұқымдық көрме және байқау өтеді.
Ауқымды іс-шара халықаралық иттер көрмесі аясында ұйымдастырылады. Көрменің басты мақсаты – ұлттық қазынамыз саналатын құмай тазыны шетелдік сарапшыларға, білікті кинологтар мен селекционерлерге, сондай-ақ қалың көпшілікке кеңінен таныстыру. Шара барысында тазылар арнайы сараптамалық бағалаудан өтеді. Кәсіби мамандар олардың бекітілген тұқым стандартына сәйкестігін және сапалық ерекшеліктерін жіті тексеріп, ең үздік өкілдерін анықтайды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл байқауда қазақы тазы тұқымын таза күйінде сақтау және одан әрі асылдандыру жұмыстарына ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, көрме Астана – Қарағанды тасжолының бойында орналасқан «Prestige Horse Club» кешенінің аумағында өтеді. Қатысушыларды тіркеу сағат 09:00-де басталып, іс-шараның ресми ашылуы сағат 10:00-ге жоспарланған.
