Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтарды қаржылай қолдауға бағытталған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында бұл жүйе арқылы 1 миллион 64 мың адамға 527 миллиард теңгеге жуық әлеуметтік төлем берілген. Аталған төлемдер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес тағайындалады. Бұл қаражат жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударған жарналар есебінен қалыптасады және әлеуметтік тәуекелдің алты түрі бойынша төленеді. Олардың қатарында еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан немесе жұмыстан айырылу, жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылу жағдайлары бар.
Әлеуметтік төлем тағайындалған кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры барлық мәліметтің заңдылығын қатаң тексереді. Егер азамат қаражат алу үшін жалған жұмысқа орналасу дерегін көрсетсе немесе шындыққа жанаспайтын құжаттар ұсынса, заңсыз алынған төлем міндетті түрде кері қайтарылуы тиіс. Бұған қоса, әдейі жалған мәлімет беру қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болады. Мәселен, 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу фактісі бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 5 өңірде 7 сот үкімі шыққан. Тергеу барысында азаматтардың көбіне әлеуметтік желілердегі алаяқтардың ұсыныстарына алданып, заңсыз схемаларға тартылғаны анықталды.
Осы орайда министрлік азаматтарды желідегі «төлемді міндетті түрде рәсімдеп беремін», «тездетіп аламын» немесе «мерзімін ұзартып беремін» дейтін делдалдарға сенбеуге және оларға ақша төлемеуге шақырады. Жеке және қаржылық деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке куәлік деректерін, банк картасының мәліметтерін, SMS арқылы келген құпия кодтарды және ЭЦҚ кілттерін бөгде адамдарға беруге қатаң тыйым салынады. Әлеуметтік төлемді алу үшін ешқандай делдал қажет емес, ол тек заң талаптарына сәйкес тағайындалады.
Төлемдерді тағайындау шарттары мен тәртібі туралы ресми әрі нақты ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресурстарынан және egov.kz порталынан алуға болады. Сондай-ақ қосымша сұрақтар бойынша 1414 Бірыңғай байланыс орталығы қызмет көрсетеді.
